Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына астықты кептіру мақсатында қосымша арзандатылған отын бөлінді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күзгі орақ науқаны кезінде өңірге 19,7 мың тонна жанар-жағармай қажет.
— Өңірлерде астықты кептіруге қажеттілікті қалыптастыру қағидаларына толықтырулар бекітілді. Облыс диқандарына қолдау көрсету мақсатында қосымша дизель отыны бөлінеді. Қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өтінімдерді қабылдауды бастады. Бір литрінің бағасы 250 теңгені құрайды. Дизель отынын жеткізуді жеті оператор жүзеге асырады, — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.
Өңірде астық кептіретін 317 орын бар. Бұл қосындар күніне 240 мың тоннаға дейін астықты кептіруге қауқарлы.
Қазіргі деректерге сәйкес, өңірде егілген астықтың 60 пайызы, яғни 2 млн. гектары бастырылды. Өнім берекелігі гектарынан 10,5 центнер болып отыр. Элеваторларға 500 мың тоннадан астам астық түсті.