Жыл басынан бері облыста 630-дан астам мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қыркүйектің 27-нен бастап облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, іс-шараның алғашқы тәулігінде өңір жолдарында жол жүрісі қағидаларының 340-тан астам заңбұзушылығы анықталған.
Көлікті мас күйде басқарған 6 жүргізуші ұсталды. Бұрын көлік басқару құқығынан айырыла тұра «темір тұлпар» тізгіндеген үш адам жауапқа тыртылды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдаланбаудың – 33, көлік басқарып келе жатып телефон пайдаланудың 26 фактісі тіркелді. Жылдамдық асырғаны үшін – 28, жолдың қарсы бөлігіне шығып жүргені үшін бір жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жолдың рұқсат етілмеген жерінен бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткені үшін 57 жаяу жүргінші жазаланды.
Соңғы 8 айдың ішінде облыс жолдарында 225 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 28 адам қаза тауып, 327 адам жарақат алды.