Ақпан айында мектепке балта ала барып, сыныптастарына шабуылдаған 9-сынып оқушысының ақыл-есі дұрыс деп танылды. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, оқиға Петропавлдағы 4-ші мектепте 13 ақпан күні болды. 9-сынып оқушысы мектепке өзімен бірге балта ала барып, сыныптастарын жарақаттады. Салдарынан үш бала ауруханаға түсті. Ал күдікті оқушы бірден қамауға алынды.
Жасөспірімнің ақыл-есінің дұрыстығын анықтау үшін онымен мамандар жұмыс істеді. Полиция да тергеуді аяқтап, іс прокуратураға жіберілді.
— Наурыз айында осы фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 24-ші және 99-шы баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Сот-сараптамалық жұмыстардың барлығының қортындылары шықты. Қазір істі прокуратура тексеріп жатыр, одан кейін сотқа жолданады, — деді СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабұлдинов брифинг барысында.