Петропавлда спорттық бал биі мен брейкингтен халықаралық фестиваль өтті. Дәстүрлі шарада Еуразия кубогы, ел біріншілігінің жүлделері мен СҚО кубогы сарапқа салынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Халықаралық фестиваль облыста осымен 20-шы рет ұйымдастырылды. Биылғы жарысқа Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Армения, Греция мен Ресей елдерінен келген 600-ге жуық биші қатысты.
Фестивальда балалар, жасөспірімдер, жастар және ересек спортшылар өз араларында мықтыны анықтады. Би жұптары латын-америкалық, еуропалық бағдарламалар бойынша сынға түсіп, жекелей сындарда да өнер көрсеткендер бұл стильдерде шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ биыл алғаш рет брейкингтен де батлдар өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Еуразия кубогында, ел біріншілігінде және СҚО кубогының жүлдегерлері 4 түрлі бағдарлама бойынша анықталды. Балалар, жасөспірімдер, жастар санатында өнер көрсеткендерге дипломдар, кубоктар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал ересектер арасында топ жарғандарға демеушілерден сыйақылар қарастырылды.