Астанада «Перенаталды диагностиканың заманауи аспектілері» атты бірінші халықаралық конгресс өтті. Шарада белгілі болғандай, облыстық перзентхана перинаталдық диагностикадан еліміз бойынша үздік бестікке енді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірде сәбилерде кездесетін туа біткен дерттер ультрадыбыстық зерттеулердің жақсаруына байланысты 2,5 есеге азайған. Мәселен өткен тоғыз айда өңірде дүние есігін ашқан балалардың бірінде де орталық жүйке жүйесінің ақауы диагнозы қойылмаған. Дүниеге хромосомалық аурулар, мысалы, Даун, Эдвардс, Патау синдромы секілді ақаулары бар балалар сирек келетін болған. Өйткені бұл дерттер өте ерте кезеңде анықталады.
– Біз заманауи технологияларды енгізіп жатырмыз. Жүкті келіншектердің барлығына биохимиялық скрининг жүргізіледі. Нәтижесінде іштегі нәрестеде хромосомиялық ауытқушылықтың бар-жоғын білеміз. Тәуекел тобына жататындар анықталған жағдайда олармен әрі қарай жұмыс жүргізіледі, қосымша диагностикаға жіберіледі. Егер осыдан 10 жыл бұрын облыста Даун синдромы бар 12 бала дүниеге келсе, қазір олардың саны үштен аспайды, — дейді облыстық көпбейінді аурухана жанындағы перинаталдық орталық цитогенетигі Елена Хомякова.