Облыс әкімі Тайынша ауданына жұмыс сапарымен барып, Қарағаш ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдықтардың бұйымтайын тыңдап, елді мекенді дамыту үшін атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.
– Қарағаштағы 6 көшенің жолдары жөнделуде. Келесі жылы су желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады, – деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Кейін облыс әкімі «Астық STEM» серіктестігі басшылығымен кездесті. Кәсіпкер алдағы уақытта ауылдағы медициналық нысанға автокөлік алуды жоспарлап отыр.
Ғауез Нұрмұхамбетов ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, картоп пен сәбіз жинау барысын қарап, алқап басында диқандармен тілдесті.