Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаладағы «Raduga KDR» ЖШС компаниясын аралап көріп, өндіріс нысанының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ең алдымен «Raduga KDR» ЖШС-нің полимерлі қаптама қалдықтарын жинайтын және қайта өңдейтін ірі кәсіпорнына ат басын тіреген облыс әкімі зауыттан шығарылатын бес жүзден астам әртүрлі санаттағы тауар өнімдерімен танысты. Ал компанияның картон-қағаз комбинаты – жылына 10 мың тоннадан астам өнім сатып, ел экономикасына үлес қосып отырған өндіріс орны.
— Комбинат орама картон, гофрокартон, жұмыртқа сақтау картондары сияқты өнім шығарады. Жалпы инвестициямыз – 6 млрд. теңгені құрайды. 70 пайыз макулатура, 30 пайыз целлюлозадан тауар өндіріп шығарамыз. Комбинатымыз ішкі нарықта –60, экспортта – 40 пайыздық көрсеткіште сауда жасап отыр, – дейді Raduga KDR басшысы Дмитрий Шарапаев.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «Raduga KDR» компаниясының жылыжайын да көрді. Заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай жобасының жалпы құны –7,2 млрд.теңге. 5 гектар аумаққа салынған жылыжайда жылына 1460 тонна қызанақ, 1319 тонна қияр және 170 тонна салат жапырағын өсіру жоспарланып отыр. Ал саңырауқұлақ өсірілетін екінші жылыжай фермасының инвестиция құны – 4,5 млрд. теңге.
— Саңырауқұлаққа деген сұраныс соңғы жылдары күрт артты. Әрі біз саңырауқұлақ өсіруге қолайлы аймақта тұрып жатырмыз. Бізде құнарлы топырақтан бастап, табиғи тыңайтқыштар мен көкөніс өсіруге арналған барлық қажетті дүниелер бар. Осыны ескере отырып, біз де қысы-жазы үздіксіз саңырауқұлақ өсіріп, облыс халқы мен еліміздің басқа да аймақтарына сатуды көздеп отырмыз. Жылына шамамен 1100 тонна саңырауқұлақ өсіру жоспарда бар. Жобаның жүзеге асуы 2024-2025 жылдарға белгіленген. Саңырауқұлақ өсірілетін жылыжайда 45 жұмыс орны ашылады. Дәл осындай саңырауқұлақ өсірумен айналысатын жылыжай Қазақстанда бізде және Алматыда ғана бар. Осы кәсіппен айналысатын басқа елдердегі әріптестеріміз саңырауқұлаққа деген сұраныс зор екенін айтты. Өйткені саңырауқұлақ – витаминдерге бай, сонымен қатар құнарлылығы жағынан етке ұқсас көкөніс түрі, – дейді Дмитрий Шарапаев.