Ақтау қаласында дзюдодан ашық Азия кубогы өтті. Байрақты бәсекеде жерлесіміз Назгүл Маратова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ашық Азия кубогында 10 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысты. Солтүстікқазақстандық дзюдошы 78 килограмнан жоғары салмақта өнер көрсетіп, алтын медальға қол жеткізді. Бұл турнирде жерлесіміз 3 кездесу өткізді. Жеңісті жолында Назгүл Маратова алдымен өзбекстандық қарсыласын қапы қалдырса, жартылай финалда алматылық балуанды жеңді. Ақтық сында ол тағы бір Өзбекстан елінің өкілінен басым түсті.
– Ашық Азия кубогы – рейтингтік турнир. Бұл жарыста Назгүл бірінші орынды жеңіп алып, әлемдегі үздік 40 балуанның қатарына енді. Әзірге қоржынымызда 800 ұпай бар. Олимпиаданың жолдамасына ие болу үшін спортшымыз кем дегенде 20-шы орынға тұрақтауы қажет. Алда әлі де бірнеше сайыс күтіп тұр, — дейді дзюдошының жеке бапкері Нұрлан Ерғазинов.