№32 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары 3 минуттың ішінде қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
№32 орта мектептің күзетшісі білім ордасынан аяқ киімнің қорабын тауып, күмәнді зат туралы білім ордасының директорына айтқан. Жылдам әрекет еткен ұжым небәрі 3 минуттың ішінде ғимараттан қауіпсіз жерге шықты. Мұндай сценарий негізінде мектеп қызметкерлері мен оқушылар терроризмге қарсы дайындықтарын пысықтады.
– Мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің әрекеті жақсы деп бағаланды. Сондай-ақ ұстаздар қауымының балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі ерекше атап көрсетілді. Өйткені осындай сипаттағы оқиғалар орын алған жағдайда балалардың өз-өзін ұстай білуі, бекітілген ережелерді сақтап, ұйымдасып, еш кедергісіз шығуы өте маңызды. Мектеп дәлізінде террористік қауіп туындаған жағдайдағы әрекеттер алгоритмі туралы көрнекі ақпарат та ілінген. Мұндай іс-шаралар басқа мектептерде де өткізілуде. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері ақпараттық жұмыстар шеңберінде терроризм актісі туралы жалған хабар беру үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікті де түсіндіреді, – дейді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшылығы.
Полицейлердің сөзінше, егер күдік туғызатын заттар анықталса, дереу ішкі істер органдарына хабарлау қажет, мұндай заттарға қол тигізбеген, жылжытпаған жөн.