Биыл облыстың «Қолжетімділік интерактивті картасы» ақпараттық порталына мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықталған 155 нысан енгізілді. Дегенмен әлі де өңірдегі әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың 46,5 пайызы мүгедектерге жарамсыз, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2021-2023 жылдар аралығында қолжетімділік интерактивті картасына облыстың 452 мекемесі кірді. Биыл ақпараттық порталға енген 155 нысанның 46-сы мемлекеттік, 67-сі білім, 14-і денсаулық сақтау, 13 мәдениет, 2-уі әлеуметтік қорғау және 13-і қызмет көрсету салаларына тиесілі объектілер бар. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды.
Жиында сөз алған СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілінің сөзінше, облыста мүгедектердің мүмкіндігін кеңейту үшін бірқатар жұмыстар істелініп жатыр. Қазірдің өзінде аудандар мен қалада 14 арнайы мониторингтік топ құрылған. Жыл бойы жұмыспен қамту, құрылыс және сәулет бөлімдері мамандары, қоғам белсенділері, мүмкіндігі шектеулі жандар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мемлекеттік және жеке меншік субъектілерін аралап, нысандардың қолжетімділігін тексереді.
– Мониторингтік топтар 243 рет тексеріс өткізіп, ғимараттардың иелеріне 217 ұсыныс хат жолданды. Қазіргі күні әлеуметтік маңызы бар нысанның 29-ы көрсетілген кемшіліктерді түзетпеді, — дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская.
Облыста мүмкіндігі шектеулі 25 мың адам тұрады. Оның – 917-сі арбаға таңылған, 3485-сі көру қабілетінен айырылған, 1064-інің есту кемістігі бар, 7 мыңға жуығы тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар.