Елімізде тіркелетін өрт оқиғаларының дені жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ол шамамен қызыл жалын орын алған жағдайлардың 70 пайызын құрап отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің қызметкерлері мен тәртіп сақшылары үйдің пештеріне немқұрайлы қарайтын азаматтарды анықтап, өртті алдын алу мақсатында рейдтік шаралар өткізді.
Мамандар Ойқала, Копай, Жұмысшы кенттері мен «Береке» шағынауданындағы жеке тұрғын секторында тұратын адамдармен тілдесті. Қалалықтарға жылыту маусымында пешті және электр құрылғыларын пайдалану ережелерін еске салды.
Тұрғындарға пештің тазартылмаған түтін мұржасы, оттың күлі мен ескі сымдардың тұйықталуы орны толмас апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін екені түсіндірілді.
– Пеш алдындағы еден металмен немесе асбестпен жабылуы керек, сонымен қатар құбырды ыстыққа төзімді материалмен қаптау қажет, — деп ескертті СҚО ТЖД мамандары.