Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында «Құлагер» клубы сырт алаңда көкшетаулық «Арлан» командасымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірінші ойында жерлестеріміз «Арлан» клубына 3:0 есебімен жеңілді. Бұл кездесуде Владислав Дюкарев, Владимир Волков пен Евгений Сулимов көзге түсті.
Қарымта кездесуде солтүстікқазақстандықтар есені қайтаруға тырысты. Алғашқы минуттардан бастап жерлестеріміз ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алайда бірінші болып, «Арлан» клубы есеп ашты. Көкшетаулықтар сапында Данила Карабань көзге түсті. Кейін де қарсыластарымыз қатарында тағы хоккейші нәтижелі соққы жасады. Бұл жолы шайба авторы Станислав Боровиков атанды. Көп ұазамай құлагерлік Александр Своеволин есеп айырмасын қысқартты.
Ойынның екінші кезеңінде көкшетаулықтар есептегі басымдықты ұлғайтып, олардың сапында Евгений Оксентюк пен Владимир Волков нәтижелі соққылар жасады. Десе де жерлестеріміз оңай шағылар жаңғақ емес екендігін дәлелдеуге тырысты. Осылайша «Құлагер» клубының қос ойыншысы Александр Дзедаев, кейін Алексей Закарлюкин көзге түсті.
Үшінші кезеңде командалар бір-бір қақпаларынан саңлау таба алмады. Нәтижесінде көкшетаулық «Арлан» клубы 4:3 есебімен жеңіске жетті.