Петропавлда полиция қызметкері балконнан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкері Дамир Кенжеғарин сапаржай алаңындағы модульдік полиция бекетінде кезекшілікте болған. Сағат 22:00 шамасында кезекші бөлімге отбасылық жанжал туралы хабарлама келіп түскен. Қызметкерлер шақыруға барады. Тәртіп сақшылары ер адаммен әңгімелесіп жатқан кезде, оның әйелі бір минуттың ішінде үшінші қабаттың балконына шығып кетіпті. Дамир әйелді пәтердің ішіне кіргізіп үлгермесе, бұл жағдайдың қалай аяқталатыны белгісіз.
Әйелдің айтуынша, ол «жанжалдан шаршаған». Полицейлер қала тұрғынын тыныштандырды. Көп ұзамай келіп жеткен учаскелік полиция инспекторы жанжалқорға қатысты әкімшілік материал жинауға кірісті, ал патрульдік полиция қызметкерлері модульдік посттағы қызметіне оралды.