Облыс орталығында алдыңғы толқын өкілдерінің қатысуымен «Қарты бар үй – қазыналы үй» деген атаумен зияткерлік ойын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Қалалық ардагерлер кеңесіне мүше қарттар «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Бәйтерек» сынды екі топқа бөлініп, сайысты. Ойын шарты бойынша әр топ өкілдері өздерін таныстырып, команданың ұранын айтуы тиіс. Содан кейін олар блиц-сауалнама сұрақтарына жауап беріп, ұяшықта жасырынған жәдігерлерді тауып, сөзжұмбақ шешті. Экраннан көрсетілген бейнеролик арқылы еліміздің көрікті жерлері туралы әңгімеледі. «Менің Қазақстаным ең…» деген сөз тіркесін жалғастырып, байтақ даламыздың әр бұрышындағы киелі орынның тарихына терең тоқталды.
— Бұл шара Республика күніне орайластырылды. Алдын ала әзірленген сауалдар ұлттық мерекенің шығу тарихын қамтыды. Аға буын өкілдерінің әр сөзі өнеге ғой. тарихтан сыр шерткен әсерлі әңгімелері көрермендерді ерекше әсерге бөледі, — дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі Диана Добромирова.