Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғалары Петропавл тұрғынына 85 млн. теңгеге бағаланған 5 пәтерді заңсыз берген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Лауазымды тұлғалар тұрғынға пәтерлерді 39 млн. теңгені құрайтын жер учаскелерінің орнына ұсынған көрінеді. Кейін баспаналарды алған азамат аталған пәтерлерді үшінші тұлғаларға сатқан. Заңсыз әрекетті прокурорлар анықтады.
Прокурорлар сотқа пәтерлерді сату-сатып алу мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. Соттың шешімімен прокурордың талабы қанағаттандырылды. Бүгінгі күні сот актісі заңды күшіне енді, заңсыз алынған пәтерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде.