Петропавлда Республика күні қарсаңында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері мен жастар ресурстық орталығының белсенділері 18 қабатты үйлердің балкондарына мемлекеттік туларды ілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының жастары Жамбыл Жабаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің балкондарын мемлекеттік тулармен безендірді. Олардың айтуынша, бұл қала тұрғындарының бойында бірлік, ұлттық мұра мен мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін оятуға септігін тигізеді. Бұл патриоттық шара «Менің елім — менің туым» деген челлендж аясында ұйымдастырылды.
— Ұлттық бірегейлік пен елімізге деген сүйіспеншілік қазақстандықтардың жүрегінде ерекше орын алады. Осы үйге туларды ілу арқылы біз алдағы Республика күнінің маңыздылығын еске саламыз. Патриоттық тәрбие елдің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, — дейді «Жастар Рухы» ЖҚ СҚОФ төрағасы Біржан Құдайбергенов.