Футболдан ел біріншілігінің 25-ші турында «Қызылжар» клубы Атакентте «Мақтаарал» командасына қарсы ойын өткізіп, алаң қожайындарына есе жіберді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл ойынға дейін «Мақтаарал» командасы 11-ші орында тұрған болатын. Жерлестеріміз болса турнир кестесінде 5-ші сатыда жайғасқан еді. Өкінішке қарай, Атакентке қонаққа барған жерлестеріміз 25-ші турда қажетті 3 ұпайды еншілей алмады.
Бірінші таймның 10-шы минутында есепті «Мақтаарал» клубының ойыншылары ашты. Гол авторы — Сағадат Тұрсынбай. Матчтың екінші жартысында жерлестеріміз таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бірақ осы жолы да атакенттіктер дегендеріне жетіп, есепті ұлғайтты. Осы жолы нәтижелі соққыны Рамазан Каримов жасады. Тек ойынның 83-ші минутында «Қызылжар» сапында Тимур Мульдинов көзге түсе алды. Қорытынды есеп 2:1, жеңіс мақтааралдықтарға бұйырды.
Осылайша 25-ші турдың қорытындысы бойынша жерлестеріміз 5-ші сатыда қалса, «Мақтаарал» клубы 2 сатыға жоғарылап, 9-шы орынға тұрақтады. Ал шымкенттік «Ордабасы» командасы өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанды.