Облыс тұрғындары көмір алу мақсатында таңсәріден бастап, тұйықтарда кезекте тұр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz AlmatyTV телеарнасына сілтеме жасап.
Петропавлда қара отын сатылатын орындарда ұзын-сонар кезек. Солтүстікқазақстандықтар көмір тапшылығы болатынына алаңдап отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы көмір жеткізу «бақылауда» екенін хабарлады. Облыс тұрғындарының отынның бұл түріне деген сұранысы– 419 мың тонна. Қазір солтүстікқазақстандықтар қажет көлемнің 50%-ын ғана дайындап қойған. Ауа райы суығандықтан тұрғындар да белсенді түрде ала бастады. Сондықтан дүрбелең орын алды дейді мамандар.
– Облыстың көмір сататын жерлерінде 38 мың тонна көмір бар. Шұбаркөл, Қаражыра, Майкөбі көмірлері сатылып жатыр. Қара отын әлі де жеткізіліп отырады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Евгения Островская.