Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарында бақ сынаған солтүстікқазақстандық спортшылар туған жерге оралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Пара атлеттер арасында ұйымдастырылған Азия ойындарында ел намысын 3 жерлесіміз қорғаған болатын. Оның бірі Иван Залезняк жеңіл атлетикадан қола жүлдені місе тұтты. Естеріңізге салсақ, солтүстікқазақстандық спортшы ядро итеру сынында медальді еншіледі.
Азия пара ойындарына қатысқан Евгений Орлов ядро итеруден 6-шы, диск лақтырудан 5-ші орынға тұрақтады. Ал Сергей Харламов 100 метр қашықтыққа жүгіріп, финалда үздік бестікке енді.
Азиаданың қортындысы бойынша Ұлттық құрама спортшылары 41 жүлделі орынға қол жеткізді. Оның 8-і – алтын, 12-сі – күміс және 21-і қола медальдар. Нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-ші сатыға жайғасты. Пара Азия ойындарында жеңіс Қытай командасына бұйырды.