Ауыл тұрғындары арасында болған жанжал салдарынан өңір тұрғыны сот залынан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews..kz тілшісі.
Мамлют ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің көмегіне өңірдің екі тұрғыны жүгінді. Бірінде тәртіп сақшыларға 33 жастағы ер адам хабарласса, екіншісінде көрші келіншек қоңырау шалған. Екеуі де бір-бірін былапыт сөздермен жамандаған.
Шақыртуға келген полицейлер ер адамның бойында мастықтың белгілері бар екеніне көз жеткізген соң оны медициналық куәландыруға алып кетті. Ауыл тұрғыны қызметтік көліктің ішінде өзін дөрекі ұстап, жүріп келе жатқан көліктің есігін қайта-қайта ашпақ болған. Осылайша жүргізушіге кедергі келтірген. Бағынбау үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертуді елемей, ашуын көрсетуді тоқтатпаған. Тәртіп сақшылары оның қолдарына кісен салуға мәжбүр болды. Куәландыру нәтижесі оның мас екенін көрсетті.
– Полиция қызметкерін шақыртуға алып келген жанжал татуласумен аяқталды. Бірақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау фактісі бойынша ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабы бойынша материал жиналды. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе мұндай фактілер спирттік ішімдіктерді ішумен байланысты болады, – дейді аудандық ПБ бастығы Петр Климов.