Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында жергілікті «Құлагер» клубы өз мұз айдынында павлодарлық «Ертіс» командасын қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ойынның бірінші минуттарынан бастап жерлестеріміз шабуылдауға кірісті. Нәтижесінде кездесудегі алғашқы шайбаны құлагерліктер сапында Роман Коваленко соқты. Қарқындарынан таймаған солтүстікқазақстандықтар тағы нәтижелі соққы жасап, Артем Гарифулин мергендігімен танылды. Кейін Павел Анисимов есептегі басымдықты 3:0-ге дейін жеткізді.
Кездесудің екінші кезеңінде қонақтар есепті қысқартты. Шайба авторы — Даниил Васильев.
Соңғы шешуші кезеңде жерлестеріміз есепті еселеді. «Құлагер» сапында Болат Хамматов пен Иван Казаченко көзге түсті. Ойын 5:1 есебімен жергілікті хоккейшілердің пайдасына шешілді.