Жексенбі күні шайбалы хоккейден ел біріншілігінің кезекті турында жерлестеріміз көкшетаулық «Арлан» клубымен ойнап, 0:2 есебімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Турнирлік кестеде «Құлагер» командасы 15 ұпаймен 10-шы орында келе жатса, жерлестеріміздің қарсыласы «Арлан» клубы әзірге 2-ші сатыда жайғасқан. Көш басында өзбекстандық «Хумо» ойыншылары тұр.
«Құлагер» мен «Арлан» командалары арасындағы ойын Петропавлдағы Спорт сарайының мұз айдынында өтті. Бірінші минуттардан бастап, қонақтар азулы қарсылас екендіктерін дәлелдеуге тырысты. Кездесудегі бірінші шайбаны көкшетаулықтар сапында Семен Буйван соқты. Жерлестереміз таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Үшінші кезеңде «Арлан» ойыншылары тағы бір нәтижелі соққының арқасында 0:2 есебімен жеңіске жетті.
Қарымта ойын бүгін Спорт сарайында сағат 19:00-де өтеді.