Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің «Шалқыма» домбырашылар ансамблінің мүшелері Ташкент қаласында өткен «Fest Festival» халықаралық байқауында бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Халықаралық байқауға Ресей, Якутия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің әртістері қатысты. Жас дарындар өздерінің таланттарын түрлі би, вокал, аспаптық шығармашылық, актерлік шеберлік және қолданбалы өнер аталымдары бойынша сынға түсті.
Байқауға Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Абдулхамит Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін апарды. Нәтижесінде NIS-тің 14 талантты домбырашысы мектеп пен облыстың намысын сәтті қорғап, бас жүлдені қанжығаларына байлады.
— Халықаралық байқауда Қарағанды қаласы, Ақмола облысы және Шымкент қалаларынан келген балаларды кездестірдік. Бізге негізгі бәсекелес болған сол өнерпаздар еді, – дейді НЗМ оқушысы Ханбол Біржан.
Зияткерлік мектепке түскен барлық оқушылар жетінші-сегізінші сыныптарда домбыра сабақтарына қатысады. Сондай-ақ үздік балалар мектеп домбырашыларының ансаблінің құрамына шақырылады.