Қалалық әкімдікте өткен жиында Серік Мұхамедиев жолдарды жөндеу сапасын сынға алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл Петропавлда 47 көшенің жолы қалыпқа келтірілді. Оның 27-інде орташа жөндеу жұмыстары аяқталса, ағымдағы жөндеу 20 көшені қамтыды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған болатын.
Қала әкімінің айтуынша, жөндеу жұмыстарына қатысты сын көп. Мәселен қазіргі күні 5 көшенің жолы сапа сараптамасынан өте алмады. Олардың қатарына Сәтпаев пен Индустриальная көшелері кірді.
– Сәтпаев көшесінің жолы жөнделгенімен асфальт жамылғысы сапасыз болып шықты. Мердігер ұйымдар асфальт қоспасының сапасын дәлелдейтін барлық сертификаттарды бермеген көрінеді. Мұндай жолдарды қабылдауға болмайды, — деді Серік Мұхамедиев.
Жиында Петропавл қаласының әкімі автомобиль жолдарын жөндеу бойынша сапалы жұмысты ғана қабылдау қажеттігіне мән берді.