Солтүстікқазақстандық бишілер Түркияның Ыстамбұл қаласында «Istanbul autumn festival» байқауына қатысып, екі бірдей бас жүлде мен 1-ші орынды қанжығаларына байлап қайтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Фестивальде облыс атынан ел намысын «Тұмар» ансамблі қорғады. Ақерке Мұсалимованың шәкірттері байқауда «Қазақ елі», «Қызыл оқ» және «Шаттық» билерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Нәтижесінде модерн стиліндегі композияциялар қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, қоржынға екі бірдей бас жүлде түсті.
– Халықаралық байқауда «Қазақ елі» мен «Қызыл оқ» билерін орындадық. Бұл шығармаларымыз бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал «Шаттық» би үшін бізге 1-ші орын берілді. Модерн стиліндегі екі биде қазақ халқының бастан кешкен зұлмат кезеңдерін көрсетуге тырыстық, — дейді би ансамблінің жетекшісі Ақерке Мұсалимова.
Халықаралық байқауда жерлестерімізден бөлек, еліміздің Астана, Алматы және Шымкент қалаларының бишілері өз өнерлерін ортаға салды.