Биылғы жылы Ақжар ауданында туберкулез дертіне шалдығу фактілері азайып, онкологиялық ауруларға душар болғандар қатары артты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оның айтуынша, өткен жылы ауданда туберкулез 4 адамда анықталса, биыл екі-ақ адам қауіпті індетке шалдықты. Ал онкологиялық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Үстіміздегі жылы обыр ауруы диагнозы 18 тұрғынға қойылды.
– Ауданда әлі де өзегін жоймай келе жатқан мәселе – денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы. Бүгінгі күні орталық ауруханамызда көз және тіс дәрігерлері қажет. Бұл сұрақты шешу үшін жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Әзірге ауылда еңбек етем деушілер жоқ, — дейді Қанат Қалиев.
Аудан әкімінің ақпаратына сүйенсек, соңғы 5 жылдың ішінде ауданда денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында қажетті медициналық қондырғылар сатып алынды. Бұл мақсатқа 380 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
– 2023 жылы аудандық ауруханаға биохимиялық анализатор, гематологиялық анализатор мен науқас мониторы сатып алынды. Сондай-ақ Ленинград ауылындағы амбулатория мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Осы жұмыстарға 52 млн. теңге жұмсалды. Келер жылы аудандық аурухананың емхананың кіреберісін қалыпқа келтіреміз. Бұған қоса, Ақжарқын, Восход, Бостандық және Кішіқараой елді мекендерінде 4 медициналық пунктің құрылысы басталады, — дейді Ақжар ауданының әкімі.