Петропавлда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен командалық ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Он күнге шақталған жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл алғаш рет Қызылжар төрінде өткен командалық ел біріншілігіне 16 команда қатысты. Жарыс жолында жасөспірімдер санатында ұлдар бөлек, қыздар араларында мықтыны анықтаған болатын. Оның қорытындысы бойынша бозбалалар қатарында Түркістан облысы бірінші орынға ие болса, Павлодар командасы күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті Қостанай облысының ұлдары қорытындылады. Бойжеткендерде алтын қызылордалық спортшыларға бұйырды. Екінші орынға Түркістан және үшінші сатыға Қостанай қыздары жайғасты.
Жастар арасындағы бәсекеде ұлдарда Ақтөбек облысы жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс жүлде Қызылорда командасына бұйырса, қоланы Шымкент қаласының спортшылары қанағат тұтты. Қыздар арасындағы додада Павлодар жеңімпаз атанса, Ақтөбе бұрымдылары екінші орынға қол жеткізді. Түркістандық тоғызқұмалақшылар үшінші сатыда тұрақтады. Барлық командаларға кубоктар, медальдар мен дипломдар табысталды.