Солтүстікқазақстандық полицейлер кәсіптік бағдар беру жұмысының жаңа форматын пайдаланып келеді. Жастарды полицияға жұмысқа шақыру үшін тәртіп сақшылары облыс аудандарына шығуды қолға алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Үгіт-насихат жұмысы жүргізілген алғашқы елдімекен Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Кездесуде аудандық полиция бөлімінің бірқатар қызметкерлері, қызметкерлердің лайықты тәрбие берген ата-аналары және ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталды. Аққайыңдықтар үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. СҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетсе, мәдени орталықтың қызметкерлері патриоттық әндерден шашу шашты. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан сақшыларға арналып орындалған әндердің бірін залға жиналған көрермен түрегеп тұрып тыңдады, ал балалары үшін жанын шүберекке түйіп отыратын аналар көздеріне жас алды.
Полицейлер кәсіптік бағдар беру жұмысын үнемі жүргізіп тұрады. Басқа аудандарда да осындай жұмыстар жүргізу жоспарда бар екені алға тартуда.