Петропавлда өздерін халықтық жұмысшылар кеңесін құрушыларымыз деп жариялаған төрт азаматқа қатысты сот отырысы өтті. Соттың шешімімен сепаратистер 7 мен 9 жылдарға сотталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биылғы жылдың наурыз айында өздерін Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ізбасарымыз деген санатқа енгізген Петропавлдың 19 тұрғыны жиналыс өткізген болатын. Облыс орталығындағы колледждердің бірінде жиында олар Қазақстанды мемлекет ретінде мойындамай, жеріміздің тұтастығын да жоққа шығарған. Сепаратистер халықтық жұмысшылар кеңесін құрып, арнайы декларация қабылдаған.
Бұл жиынның бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей тарап, көпшілік ішінде наразылық тудырған болатын. Көзі қырақты өңір тұрғындары оларды сепаратизм үшін жауапкершілікке тартуды талап етті.
Наурыздың 30-ы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті оларға қатысты сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Петропавл қалалық сотында топтың төрт белсендісіне қатысты сот үкімі шықты.
– Сот шешімі бойынша Зудерман В.А. ҚР ҚК 179, 180 бабының 2-ші тармағы, 287 бабының 2-ші тармағы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал Болдырева Е.А , Капарова және Бережнова 179 және 180 баптың 2-ші тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Олардың барлығы жазаларын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады, – деді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.