Петропавлдағы мектептердің бірінде балта-пышақпен қаруланған оқушыға қатысты сот үкімі шықты. Естеріңізге салсақ, 14 жастағы күдікті қатарластарына шабуыл жасап, үш баланы жарақаттаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқыс оқиға биылғы жылғы ақпанның 13-і күні №4 орта метепте орын алған. Таңғы 7:50 шамасында білім ошағына өзімен бірге ас үйдің балтасы мен пышағын әкелген Давид Джакеладзе дәретханада спорттық киім киіп, бетіне қолдан жасалған бетперде таққан. Дәретханадан шыққан бойда 10-шы сынып оқушысын кезіктіреді. Қатарласына бірден шабуыл жасауға ұмтылған оқушы оны жарақаттап үлгерген. Мектептің екінші қабатының дәлізінен тағы бір оқушыны көріп, оларға да бірнеше соққы жасайды. Көпке ұзамай, оны жоғары сыныптарда оқитындар тоқтатыпты. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелмеді. Жарақат алғандар бірден аурухана жеткізілді.
Давид Джакеладзе ісіне қатысты сот отырысы Петропавлдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті. Үкім шығарылмас бұрын барлық процесстерге алқа билер қатысты.
Сот отырысында белгілі болғандай, бұған дейін Давид Джакеладзенің қорғаушылары күдікті психиатриялық диспансерде есепте тұрғанын алға тартқан болатын. Кейін судья Әбдіқаһар Еркебаевтың шешімімен сотталушыға медициналық және психиатриялық сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысына сай оның ақыл-есінің дұрыс екені анықталды.
Прокурор Давид Джакеладзеге Қылмыстық кодекстің 24-бабы 2-бөлігі, 99-бабы бойынша 6 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Судья тағылған айыппен келісіп, заңды шешімді шығарды. Енді сотталушы кәмелетке толмағандарға арналған қауіпсіздігі орта деңгейдегі түзету мекемесінде жазасын өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ сот шешімімен сотталушы моральдік және физикалық зақым келтірген жәбірленушілерге 1 млн. 500 мың және 3 млн. теңге көлемінде моральдік шығынды төлейтін болды. Қарызды өтеуге 1 ай мерзім берілді.