СҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы 8 жылға сотталды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Петропавл қалалық соты аса ірі көлемде бірнеше рет бюджет қаражатын ұрлау және пара алу-беру бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімін шығарды. Солтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы 8 жылға, оның екі сыбайласы 7,5 жылға және біреуі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Сотталғандар — СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Жандарбек Айтбаев, «Даму 2013» ЖШС директоры Серік Шайымов және «Астана Жол қызмет» ЖШС директорының орынбасары Рүстем Махмұтұлы. Шайымов пен Махмұтұлы – ағайындылар.

Қылмысты Бақыт Ілиясов Петропавл қалалық әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарғанда жасаған. Шенеунік мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзып, жолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге «Коммунхоз» кәсіпорнымен келісім-шарт жасасқан. Іс жүзінде серіктестік бұл жұмыстарды өзі атқармай, оны басқа мердігерге жүктеген.

Жұмыстың сметалық құны асыра көрсетілген, іс толық атқарылмаған, Ілиясов бұған көз жұма қарағаны үшін пара алып отырған.

Мәселен 2021 жылдың мамыр-тамыз айларында «Коммунхоз» кәсіпорнынан «Даму 2013» ЖШС-ге 91 млн теңге аударылған. Бұл жолы 36 млн теңгеге жуық бюджеттік қаражат қолды болған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, қалалық әкімдіктің бөлім басшысы сондай-ақ көшелерге қиыршық тас төсеу үшін «Коммунхоз» кәсіпорнына 350 млн теңге аударған. Кейін Ілиясов істелген жұмыстың сапасына, пайдаланылған материалға және жұмыстың толық атқарылмауына көз жұмып, бірнеше актіге қол қойған.

Ілиясов параны ақшамен ғана емес, квадроцикл, қымбат отельдегі демалыс ретінде де алған. Сондай-ақ шенеунік өзінің 2013 жылғы «Lexus LX570» көлігін ешқандай қосымша төлемсіз Махмұтұлының 2019 жылғы «Toyota Land Cruiser 200» көлігіне айырбастаған.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушылар кінәсін мойындамады.

Петропавл қалалық соты Бақыт Ілиясовты 8 жылға бас бостандығынан айырып, заңсыз ие болған мүлікті – квадроциклді және көліктерді айырбастау кезіндегі айырмашылық 13 млн теңгеге жуық қаражатты, қымбат қонақ үйге төленген 155 мың теңгені мемлекет меншігіне қайтаруды міндеттеді.

Шайымов пен Махмұтұлы 7,5 жылға, ал Айтбаев 7 жылға сотталды.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz