СҚО-да ұрланған қой иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандық полицейлер 27-29 қараша аралығында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, мал ұрлығымен байланысты қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған жұмыстарды күшейтілген түрде жүргізді.
Мал мен ет тасымалдайтын автокөліктер, облыс базарларында ет сататын пункттер тексерілді. Ветеринария саласында 21 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағу қағидаларының бұзылғаны үшін 97 хаттама толтырылды.
– Жедел-профилактикалық іс-шарасының ш күнінде бұрын жасалған 4 мал ұрлығы ашылды, оның ішінде Жамбыл ауданында қора-қопсыдан ұрланған 4 қой және Ақжар ауданында ұрланған 2 қой бар. Ауыл тұрғындары өз мүлкін қорғау бойынша барынша шаралар қабылдауы қажет. Еркін жайылымға жол бермеген жөн, қора-қопсыға мықты құлыптар орнатқан дұрыс. Жыл басынан облыста 20 мал ұрлығы тіркелді, оның 14-і ашылды. Иелеріне 55 бас мал қайтарылды, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.