СҚО республика бойынша ауыл шаруашылығына инвестиция тартудан көш бастап келеді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Күзгі жиын-терімде қамбаға 3,7 млн. тонна астық жиналды. Өнім берекелігі гектарынан 11,1 центнерді құрады. Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов елордада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО әкімі соңғы 10 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауыл шаруашылығы саласына жіті тоқталды. Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан майлы дақылдар да уақтылы жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 6,7 центнерді құрап, қамбаға 458 тонна өнім түсті. Сондай-ақ биыл өңірде мал шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде ет өндірісі көлемі 2 пайызға, сүт өндірісі 3,4 пайызға өсіп, 589 млн. жұмыртқа өндірілді.

– Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10 пайызын құрайды. Біздің басты мақсатымыздың бірі – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұл үшін инвестиция тарту маңызды. Республика бойынша біздің өңір ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан аймақ болып саналады. Биыл теріскейге 152,8 млрд. теңге қаражат құйылды. Сондай-ақ Президенттің ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста инвестиция көлемі 80 млрд. теңгеден асатын 27 жоба іске асуда. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару бар. Осының арқасында өңір халқының құс етіне қажеттілігі 100 пайызға қамтамасыз етіледі, қосымша сүт өндірісі ұлғаяды, – деді СҚО әкімі.

Өңір басшысы «EMC-Агро» шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Кешенде ет өндіру көлемі 10,5 мыңнан 20 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Инвестиция сомасы – 20 млрд. теңге, 180 жұмыс орны ашылады.

– Облыста астықты терең өңдейтін «Биооперейшн» зауыты жұмыс істейді. Кәсіпорын глютен, бидай крахмалын, биоэтанол өндіреді. Шикізатты қайта өңдеу қуаты – жылына 237 мың тонна, инвестиция сомасы – 14 млрд.теңгені құрайды. Өңірде «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие беріліп, үлкен жобалар жүзеге асуда. Қазір облыс бойынша 12 мың басқа арналған 13 сүт фермасы салынуда. Оның алтауы жыл соңына дейін ашылады, – деді Ғауез Торсанұлы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz