СҚО-да учаскелік инспекторлар Қызылорда облысынан келген жүргізушілерге көмек көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Желтоқсанның 5-і күні Айыртау ауданының аумағында Ақмола облысының екі тұрғыны «Daewoo Nexia» автокөлігімен келе жатып, қиын жағдайға тап болды. Қызылорда облысынан қайтып келе жатып, олар «Лобаново — Зеренді» жолымен жүрмек болған. Алайда Лобановоға кіре берісте жүргізуші мұзды жолда көлікті басқара алмай, кюветке шығып кетті. Ол сағат 04:30 шамасында “102” арнасына хабарласты. Кезекші бөлімнен оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Жандарбек Бұлқайыров пен оның көмекшісі Әнуар Қабиденовті жіберді. Тәртіп сақшылары көлікті жолға шығаруға көмектесіп, қызылордалықтарды ауылға дейін жеткізді.
–Ауа райы болжамдарын және ТЖ қызметінің автожолдардың жабылуы мүмкін екендігі туралы хабарламаларын мұқият қадағалап, жол қозғалысы ережелері талаптарын қатаң сақтаңыздар, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.