Өткен аптада Петропавлда 9 адамды үсік шалды. Олардың төртеуі ауруханаға ем қабылдауға жатқызылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыста сынап бағанасы минус -30, -37 градусты көрсетіп тұрғанына бірнеше күн болды. Оқушылар, студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды. Дегенмен үсікке шалынып, аурухана керуетіне таңылғандар да бар. Дәрігерлердің айтуынша, қалалықтар аязға қарамастан аяқтарына жұқа аяқ-киім киіп, қолғапсыз далаға шығуға құмар-ақ. Салдарынан саусақтарын үсік шалып, медициналық мекемелерге жүгінген. Сондықтан мамандар аязды күндері барынша сақ болу қажеттігін қайталауға мәжбүр.
– Көмекке жүгінгендердің дені – далада жұмыс істейтіндер. Олар аязда аяқ-қолдарын үсітіп алып жатады. Қазір төрт қала тұрғыны ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал қалған бесеуі үйінде емделеді. Бақайлар аяқ-киімнің басына тиіп тұрса, аяқ тез тоңып, үсік шалу қаупі артады. Сондықтан су өткізбейтін, табаны қалың аяқ киім киген абзал. Аязда темір, күміс, алтын әшекейлер тақпаған дұрыс. Құлақ пен бетіңізді міндетті түрде жауып жүріңіз. Мұрын тез тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Қатты суықта тек мұрынмен демалыңыз, – дейді көп бейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы травмотология орталығының меңгерушісі Валерий Грибашов.