Пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
2022-2023 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды.
ҚР Президентінің тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкімімен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірді.
— Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елді мекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттіліктері үшін берілуде, — деп жазды Үкіметтен.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының қоғамдық-партиялық бақылауы маңызды факторға айналды. Атап айтқанда, аталған комиссия қайтарылатын жерлерді қайта бөлуді бақылаумен айналысты.
Жерді халық арасында одан әрі әділ бөлу мәселелері ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында болады.