Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандарына биыл түскен өтініштердің саны өткен жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға (2022 жыл – 491 өтініш) артты. Шағымдардың басым бөлігі электрондық сауда-саттық саласына тиесілі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, шағымдардың үлесі бөлшек саудада – 41,5%, электрондық саудада – 46,2%, тұрмыстық қызмет көрсетуде – 3%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында – 2,1%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер бір жағынан тұтынушылық мәдениетінің артқанын көрсетсе, екінші жағынан жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің артқаны туралы ақпарат береді.
– Он бір айдың ішінде департаментке электронды коммерция сегментінде түскен тұтынушылардың шағымдары 2022 жылғы жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 34%-ға өсіп, 246 шағымды құрады. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бұл салаға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта тұтынушылардың мәселелерін жылдам шешу үшін «Wildberries» электронды сауда алаңының өкілдерімен WhatsApp арнасы құрылды. «Wildberries» маркетплейспен бірлесіп, департамент 72 тұтынушыға 2 млн. 770 мың теңгеден астам қаражатты қайтаруға көмек көрсетті. Сондай-ақ қазір «Ozon» электронды сауда алаңының өкілдерімен WhatsApp арнасы құрылды, — дейді СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшева.