Петропавлдағы жаңа инновациялық жылыжай алғашқы өнімін берді. Жақында ғана ашылған кешеннің жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Заманауи жылыжайда күніне 6 тонна қияр жиналады. Толық қуатына көшкенде өнімділік 16 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
– Облыс тұрғындары тәулігіне қиярдың 50 тоннасын пайдаланады. Бұл сұранысты жабу мақсатында Петропавлда жаңа жылыжай салынғаны белгілі. Осылайша кәсіпкер қажетті өнімнің 30 пайызын жабады. Сондай-ақ қияр жергілікті жерде өсірілгендіктен бағасы арзан болатыны сөзсіз. Бүгіндері көкөністің бұл түрі өңірдің супермаркеттерінде саудаланып келеді, -дейді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жаңа жылыжай жылына 3 мың тонна қияр, қызанақ және салат өсіруді жоспарлап отыр. «Зеленый север» серіктестігі іске қосқан жобаға өз қажараты есебінен 1,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция салды. Сондай-ақ кәсіпкер «Солтүстік» ӘКК арқылы қосымша 5,8 млрд. теңгеге қол жеткізді.