Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Өңір басшысы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шал ақын ауданындағы Повозочное ауылында «Агро Север» ЖШС басшысы Николай Луговой өз қаражаты тұрғындарға хоккей кортын салып берді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жас хоккейшілер мен ауылдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, шаруашылық басшысына әлеуметтік жауапкершілік үшін алғыс білдірді.
Облыста 236 солтүстікқазақстандық «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында өз шаруашылықтарын дөңгелетіп отыр. Олардың бірі – Қайрат Байбусинов. Ауыл тұрғыны мемлекеттің қолдауы арқасында жылқы малын өсіруді қолға алды. Өңір басшысы кәсіпкермен кездесіп тілдесті.
СҚО әкімі Сергеевкада шатыры зақымдалған балабақшаға да барды. Ғауез Нұрмұхамбетов аудан басшылығына желдің кесірінен зақымдалған шатырды қайта қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде жүргізуді тапсырды.