СҚО кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова тәлімгерлік жұмысты қорытындылады. Жиында менторинг бағдарламасын сәтті аяқтаған 12 кәсіпкер келіншекке сертификаттар табысталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Менторинг бағдарламасы аясында өңірде «тәлімгердің сүйемелдеуі» қызметі жүзеге асқан болатын. Оны пайдаланған кәсіпкер келіншектерге 3-6 ай аралығында бизнесті дамыту бағытында көмек көрсетілді. Шараға қатысқан облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Есжан Оразалин барлық нәзік жандыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алдағы уақытта бұл жоба аясында жұмыс жалғасатынын айтты.
– Биыл іскер әйелдер кеңесі жақсы жұмыс істеді. Бизнесте толағай табыстарға қол жеткізген қыз-келіншектер қатары артты. Менторинг бағдарламасы кәсіпті одан әрі дамытуға арналған бірегей жобаға айналды. Оның арқасында сіздер біліктіліктеріңізді арттырдыңыз. Сертификат кәсіби деңгейіңіздің өскенін көрсетеді. Жаңа жылда табысқа жетулеріңізге тілектеспін, — деді Есжан Оразалин.