Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада биыл Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған «Ұлы Дала дүбірі» атты кең ауқымды панорама көрмесінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Осыған орай ашылған көрмеде көшпенділер тарихы бойынша бірегей материалдар, ғылыми еңбектер, кітаптар, қазақ өнері бойынша альбомдар, спорттық жетістіктер мен ұлттық ойындар туралы иллюстрациялар мен басылымдар жинақталған, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін медиаресурстар мен сәндік бұйымдар ұсынылған.
Шара арысында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның «Әлқисса» фольклорлық ансамблі әсем әндерді әуелетіп, жастар тоғызқұмалақ ойнады. Жиналғандар аталған шараның еліміз үшін маңызды екенін айтып, көрмеге шолу жасап, ұлттық спорт жайлы баяндады. Ал ортаға шыққан жас спортшылар қазақ күресінің бірнеше тәсілдерін көрсетті.
— Тарихымыз ұлықталған сайын келешегіміз кемелдене түседі. Көрмеде тұрған қай затты алып қарасаң да, елдің өткені мен бүгінінен сыр ұқтырып тұр, — дейді облыстың құрметті азаматы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Жамбыл Тасеменов.
Ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатын көздеген көрме жыл бойы жұмыс істейтін болады.