Петропавлдағы төрт пәтерлі жеке тұрғын үйдің бірінен өрт шықты. Төтенше жағдай орнынан 1960 жылы туған азаматтың өлі денесі табылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызыл жалын жайлы хабар «101» пультіне сағат 08:12-де келіп түскен. Оқыс оқиға Мағжан Жұмабаев, 19 мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйде орын алды.
– Өртенген үйден 7 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды, оның 2-уі бала. Отты ауыздықтауға 5 техника мен жеке құрамның 27 құтқарушысы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қызыл жалынның шығу себебі анықталуда, — дейді СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Марат Сыздықов.
Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қызыл жалын сағат 10:17-де ауыздықталды. Өрттің шарпыған аумағы – 100 шаршы метр.