СҚО-да жатыр мойны обырына шалдыққан 559 сырқат диспансерлік есепке алынған. Ауруы асқынған 16 адам былтыр қайтыс болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың гинеколог дәрігері Наида Набиуллинаның айтуынша, жатыр мойны обыры — баяу өседі, ұзақ инвазивті кезеңге ие және қымбат қондырғылардың көмегінсіз-ақ тексеруге болғандықтан ерте анықтап, алдын алуға болатын дерттердің бірі. Қатерлі ісікпен ауыруды және өлім-жітімді төмендету бойынша қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі артқан.
— Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың орташа жасы 40 пен 50 аралығында. Яғни өмірдің ең әлеуметтік белсенді кезеңіне сәйкес келеді, сондықтан бұл дерттің қоғамға қандай зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Жатыр мойны обырының пайда болуына әкелетін негізгі этиологиялық фактор — адам папилломавирусы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Соның 14-і адам үшін қауіпті, түрлі обырға әкелуі мүмкін. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі адам папилломасы вирусының 16 типті және 18 типті түрін канцерогенді фактор ретінде ресми түрде мәлімдеді. Олар кейін жатыр мойнының дисплазиясына немесе онкопатологияға шалдықтырады. Ал жалпы онкогенді папиллома вирусы тек жатыр мойны обырына әкеп соғады деп ойлау дұрыс емес. Ер адам да жыныс мүшесі қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін, — дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жатыр мойны обыры 95 пайыз жағдайда папиллома вирусынан пайда болады. Сондай-ақ қатерлі ісіктің дамуына темекі шегу, адамның иммун тапшылығы вирусы, бірнеше жүктілік, тұқымқуалаушылық, яғни отбасында жатыр мойны обырымен ауру жағдайларының болуы, әйелдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі себеп.
Дәрігер папиллома вирусы ерте жастан жыныстық қатынасқа түскенде немесе бірнеше жыныстық серіктестердің болуынан ағзаға енуі мүмкін екенін айтты. Өйткені вирус байланыс арқылы жұғады. Заттардың бетінде ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды.