Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында көшбасшы екі мәрте ауысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Сейсенбі күні орталық кездесуде «Қуаныш» (СҚО) пен өскемендік «Берел» командалары ойнады.
Ұлттық лигаға биыл қосылғанына қарамастан, белгілі маман Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендік клуб белді ойыншылармен жасақталған болатын. Бұдан бұрын «Берел» командасы «Қуанышқа» 1:3 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы өскемендіктер 3:0 (25:22, 25:22, 25:23) есебімен жеңіп, 37 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Азамат Есімовтің шәкірттері 35 ұпаймен екінші сатыға ығысты.
Кейін жерлестеріміз «Қуаныш» клубы семейлік «Алтай» командасымен ойнап, жеңіс қызылжарлық аруларға бұйырды. Матч 3:0 есебімен аяқталды. Осылайша солтүстікқазақстандық қайта бірінші орынға жайғасты.