Мәжіліс вейптерге тыйым салатын заңды қабылдады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Құжат медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгізуге, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын беруге, тиісті ақшалай сыйақы төленіп, жыл сайынғы «Өз мамандығының үздігі» конкурсын өткізуге, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.

— Депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және оның мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. Біріншіден, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігін жетілдірілді. Атап айтқанда, сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді медициналық қызметтер көрсетуге арналған тарифтерді ұлғайту есебінен денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асыратын болады. Бұдан бөлек, медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі анықталды. Бұл ретте, тәуелсіз сараптама жүргізу жөніндегі нормалар көзделген, оның қорытындысы сақтандыру жағдайының басталу фактісін растау үшін ғана қолданылады. Сақтандыру жағдайының басталу фактісі расталған кездегі сақтандыру төлемдерінің мөлшері нақтыланды, олардың мөлшері пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты болады, — деді депутат Гүлдара Нұрымова.

Екіншіден, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мақсатында мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орын бөлу кезінде дәрігерлердің балаларына басым құқық беру қарастырылған. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін атқару нәтижесінде қаза тапқан немесе мүгедектігі белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына мемлекеттік білім беру грантын бере отырып, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау ескерілген.

— Бұдан басқа, медицина кадрларын ынталандыру және олардың тапшылығын қысқарту үшін ауылға жұмыс істеу үшін келетін медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыру жөніндегі нормалар қабылданды. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында біржолғы 500 АЕК көлемінде төленетін «Өз мамандығының үздігі» атағын беру көзделген. Сондай-ақ медицина саласындағы ерекше еңбегі үшін 1000 АЕК сомасында біржолғы төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын берілмек, — деді депутат.

Мұнымен қоса, заңда вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салуды белгілеу, әскери медицина қызметкерлерінің қызметін жетілдіру жөніндегі нормалар қарастырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz