Биылғы қыста жануарлардың көшіп-қонатын мекені мен жолының өзгеруіне байланысты облыстың ауыл аймақтарына еліктер көптеп келгіштей бастаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО ПД қызметкерлері жүргізушілерге тек қала сыртындағы трассаларда ғана емес, ауыл ішінде де еліктердің кездесуі мүмкін екенін еске салады.
Петропавлдағы Жұмысшы кентінің аумағында адасып жүрген елікті тұрғындардың көзі шалған. Мамандар бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғасына себепші болуы мүмкін екенін айтып, ескертеді. Жергілікті тұрғындар бұл туралы «102» арнасына хабарлаған. Шақыруға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен қорықшылар келіп жетті. Олар № 43 мектеп стадионында өз үйірінен көз жазып қалған елікті ұстап, орманға жеткізді.
— Қазіргі уақытта тұяқты жабайы жануарларды аулауға тыйым салынғанын ескертеміз. 3 мың айлық есептік көрсеткіш айыппұлдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстық жауапкершілік төнетінін ұмытпауларыңызды сұраймыз, — дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Асхат Қожабаев.
Ақпан айында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатқандарын еске салай кетейік. СҚО полицейлері мүдделі органдармен бірлесіп аңшылық шаруашылықтары мен қорғалатын табиғи аумақтар бойынша рейдтерге кірісті. Мақсаты – табиғи ресурстарды браконьерлік пайдалану, аң және балық аулау ережелерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.