Өкпенің қатерлі ісігі — онкологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетін дерттердің бірі. Қазіргі уақытта өңірде 449 адам диспансерлік есепте тұр. Тек былтыр 200-ге жуық сырқатқа алғаш рет осы диагноз қойылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Облыстық көпбейінде аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың мәліметінше, обыр анықталған пациенттердің шамамен төрттен бір бөлігі – әйел. Негізінен бұл қауіпте дертке жасы 50-ден асқан ер адамдар шалдығады.
– Өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау өте маңызды. Бұл обырды емдеу нәтижелерін жақсартудың ең тиімді жолы. Онкологиялық ауруға кім шалдығады, кім қауіп-қатер тобына кіреді деген сауал көп адамдарды мазалайтыны шындық. Дертке шалдыққандар тізімінің басында темекі шегушілер тұр. Қатерлі ісіктің дамуына әкелетін даусыз фактор — темекі түтінінің канцерогендері, онымен байланыс неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым көп тін зақымдалады, сондықтан қатерлі ісік қаупі соғұрлым жоғары болады.
Екінші кезекте өндірістік зияндармен, атап айтқанда өкпе ісігін тудыратын канцерогендермен байланысты кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар және өкпенің созылмалы аурулары — пневмония, туберкулез, пневмосклероз, силикоз және т. б. бар адамдар жиі ауырады. Бұл адамдар өздеріне ерекше назар аударуы керек. Яғни мен атаған топтардың біреуіне немесе бірнешеуіне жататын адамдардың шұғыл, бүгін, дәл қазір темекіні тастау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Оның түтіні айналадағы жақындарына да зиян. Өмірінде шылым тартып көрмеген әйелдің күйеуі шылым шегетін болса, ол да қатер тобына кіреді, — дейді облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың блок жетекшісі Жігер Дүйсенов.