Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында фермерлердің білімін арттыруға арналған малшылар мектебі ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
СҚО-да мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елімізде өндірілетін барлық сүттің 10%-ы қазіргі уақытта осы өңірге тиесілі.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыста 106 сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 38-і – заманауи.
Осылайша сәтті жүзеге асқан пилоттық жоба енді ел бойынша қолға алынып жатыр. Былтыр республикалық бюджеттен заманауи фермалар құрылысына 100 млрд теңге бөлінсе, оның 17 млрд теңгесі СҚО-ға берілді. Қазіргі уақытта тағы да 18-ін салу мәселесі шешіліп жатыр.
— 2010 жылдан бастап облысқа шетелден көптеп мал әкелініп жатыр. Олардың күтімі өзгеше, солардың жемшөбін дайындау, беру, оның құрамы қандай болуы тиіс — мұның бәрі алып отырған ет-сүтімізге әсер етеді. Заман бір орында тұрмайды, бұл салада да жаңашылдықтар бар. Малды азықтандыруда, жемшөп дайындауда, селекцияда, генетикада – жалпы күтіп-баптауда көптеген өзгеріс бар. Малшылар мектебінің мақсаты – мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың өкілдерін жаңа технологиялармен таныстыру, осы саладағы жаңалықтармен бөлісу, біліктіліктерін арттыру. Облыстың әр ауданынан 2-3 маманнан қатысып жатыр. Сондай-ақ Ақмола мен Қостанай облыстарының өкілдері қатысуға тілек білдірді, — дейді СҚО ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдуллаев.
Дәріс оқуға «Qazaqsut» ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ғалымы, Алматы қаласынан сарапшылар келді.
— Өзіміздің осы ғылыми институтымызда ауыл шаруашылығы ғылымдарының 8 кандидаты бар. Бір ғылым докторымыз бар. Сол кісілердің күшімен осы сабақтарды өткізетін боламыз. Сондай-ақ ауылдағы сүт фермасына барып, тәжірибе жүзінде көрсетеміз. Дәрістер үш күнге шақталған. Білім алуға келгендердің барлық шығынын көтеріп жатырмыз, — дейді Алтынбек Абдуллаев.
Малшылар мектебі жыл соңына дейін жұмыс істемек.