Петропавл полицейлері азаматтарға интернет-алаяқтардың жаңа схемалары туралы ескертті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Петропавл қаласының криминалдық полиция бөлімі құрамындағы «Киберпол» бөлімшесінің қызметкерлері қаланың ірі базарларында профилактикалық іс-шара өткізді. Тәртіп сақшылары тұрғындарға жадынамалар таратып, интернет-алаяқтардың жаңа схемалары туралы айтып берді.
– Қаңтар айында Петропавлда 40-қа жуық адам интернет-алаяқтардың ең кең таралған жаңа сценарийінің құрбаны болды. Криминалдық полиция бөлімінің және басқа да бөлімшелердің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтары арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері адамдармен тек жеке байланыста, қызметтік куәлігін көрсете отырып және шақыру қағазын тапсырғаннан кейін ғана ресми түрде сөйлеседі. Полициядан телефон қоңырауы тек ақпараттық сипатта болуы мүмкін, телефон арқылы жедел әрекеттер жүргізілмейді, – деді Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығы Марат Жұмалиев.