Облыстық тарихи-өлкетану музейінде кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Батырлық аты — Ауғанстан» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Бұл әскери қақтығыс XX ғасырдың қаралы тарихының белгісі болып қалады. Өмір мен өлімнің ортасында азаматтық борышын өтеген сан мыңдаған жас өркеннің тағдырына көп өзгеріс әкелген де осы Ауған қасіреті еді. Дерекке жүгінсек, елден 22 мың сарбаз аттанып, олардың 10 мыңға жуығы қаза тапқан, ал 21 жауынгер із-түзсіз кеткен екен. 15 ақпан – соғыста қаза тапқандарды еске алу күні ғана емес, бұл күн сонымен бірге Ауғанстан Демократикалық Республикасында өз әскери және азаматтық міндетін адал да ерлікпен атқарып үйге оралғандарға ризашылығымызды және алғысымызды білдіру күні, — деді облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнәр Мұқышева.
Көрменің ашылу салтанатында «Азия дауысы» республикалық конкурсының лаураеты, әнші Мұса Сұлтанов бірнеше ән орындап берді. Бір топ ардагерге мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Алғыс хаты табыс етілді. Құрметке бөленгендердің қатарында Ерік Тәттібаев, Александр Азегов, Юрий Пропащев бар.
Содан кейін жиналғандар сөрелердегі Ауған соғысының ақиқатын паш ететін жауынгердің киген киімдері, ұстаған заттары және құжаттармен, суреттермен танысты.